10 Мамыр, 2017

Құрыш қалқан –  аға ұрпақ аманаты

563 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Даңқы қолбасшы Бауыржан Момышұлының соғыстан кейінгі бір кезеңде Қазақ Кеңестік Социа­листік Республикасының Әскери комиссариатын басқаруға құлықты болғанын ғалымдарымыз, әсіре­се, тарихшыларымыз айтып та, жа­зып та жүр. Кеңестік атты әскер­дің – ка­валерияның үздігі Баукең нағыз Қы­зыл Армияның таңға­жайып қол­басшыларының бірі – жауын­герлік «Қызыл Ту» орденінің ең бірінші иегері (1918 ж.), Кеңес Ода­ғының маршалы (1935 ж.) Василий Блюхердің сынынан өткені белгілі. 

Құрыш қалқан –  аға ұрпақ аманаты

Ендеше, Қызыл Армияны қуаты атты әскерден бастап, аспан төңкеретін зеңбіректің барлық сыныптағы түрлерін көзбен көріп, көңіліне ой тоқыған, ұрыстың он-сан тактикасын Құрандай жатқа білетін Баукеңнің Қазақстандағы бірден-бір әскери құзыретті мекемені басқаруға ниетін бүгінгі күні біз былай топшылар едік. Намысқой коман­дир ұлтының қолына қару ұстай алар жасқа жеткен азаматының нағыз жауын­гер екенін көрсеткісі келгені шы­ғар, бәлкім! Жаугер халықтың жауы­н­гер ұрпағының қандай ұрыста да алдың­ғы шепте жүретінін дәлелдемек болғаны шығар! Ең өкініштісі, ұлт батырының күндей күркіреп өткен шақ­тарында қызғаныштың қызыл итін мінгендер шамасы жеткенше оның жолына кедергі қойып бақты. Соған қарамастан, Тәуелсіз қазақ армиясының ең алғашқы құжатын жасағандар бүгінгі ел қорғанысының шебі Бауыржан Момышұлының бір кездегі ақылымен басталған іс-шаралар еді дейді. Әруағы мен тәжірибесі сүйеніш болды дейді. Қалай сенбейсіз?! 

Атақты Жуалының қойнауындағы Алатаудың етегінде бізбен көрші ауыл­да туған Бауыржан Момышұлының даңқына әдебиет пен тарихтан да бұрын ауылдағы үлкендердің аузынан естіп өскен ұрпақ едім. Білетінім, Баукең 1982 жылы Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуының 250 жылдығы қарсаңында жазда қайтыс болды. 1983 жылы Қазақ КСР Үкіметінің Ота­ны­мыздың астанасы Мәскеуді қорғаған даңқты полковниктің есімін мәңгілікке қалдыру туралы қаулысы шықты. Енді – безбеннің екі басына ер Баукеңнің өзі туған Момыштан тарайтын ұрпақ тұратын Ленин атындағы колхоз бен Момыштың інісі Момынқұлдан тарайтын ұрпақ жайласқан Карл Маркс атындағы колхоздың атын беру мә­се­лесі тұрды.

Кеңестік идеология сол­­­даттарының үрейленгені сонда ғой, екі ұсыныс та өміршең болмай қал­ды. Аяқ астынан мен туған көр­ші «Кременевский» совхозының аты Бауыржан Момышұлы деп аталды. Ком­мунистердің айбатсыздығын мойын­дамасқа шара жоқ, десе де, жанға жағым­дысы – Алматыдан ауылға бар­ғанда тірісінде бетпе-бет кездеспеген ағамыздың тас мүсініне тесіле қарап, тоқтап, сүйсініп өтуші едік. Мынау тұрған 80-жылдардың басында ғана дүниеден өткен Батыр Баукеңмен бір кездесе алмаған өкініш өзекті өртеп қала берді...

Есесіне Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат аға Бигелдиновпен қанша рет ұзақ сырласқан күндер санадан еш өшпейді. Қазақ әскерін – Қазақстанның Қарулы Күштері құрыл­ғандағы Талғат ағамыздың қуанышын көзімізбен көрдік! Әскери бөлімдер атақ­ты әскери ұшқышты алқанына сала жауынгерлер алдында әкеліп, ұзақ-сонар әңгімесін тыңдатудан жалық­­пайтын. «Қаракемердегі әскери бөлім­де кенет әңгімені доғарып: «Кәне, ұлым-м, турникке тартылшы, күшіңді көрейін», деді жүздесудің бірінде. Әлжуаз жасөспірім солдат үшінші ретте қиралаңдап қалғанда, «понимайешін» бір айтып, «ех, маменькины сынки» деп турникке қарғып қол созып, тез-тез үш рет тартылып «осылай болу керек» деп секіріп түскені де көз алдымызда.

«Жап-жас жігітсіңдер, сендердің жасыңда бұл темірді мен осіндегі күн секілді шыр айналатын едім» деп және риясыз «бұрқ» етті. Деді де қасында тұрған «Ле­нинская сменаның» («ЭкспресК») тілші қызына білегін түріп, бұлшық етін көрсетті: «Ұстап көрші, міне, бұл – спорттың арқасы!» Сол тұста Тал­ғат ағамның 75-тің желкесін мінген кезі. Осы бір көрініс жас жауынгердің ғана емес, бөлімше командирлерінің делебесін қоздырғаны анық.

Тәуелсіз еліміздің Қарулы Күштерін құрайтын жап-жас бұла күш иелерінің жанарларынан жасын оты жарқылдады. Сұңқар тектес ағамыздың бір ғана шалт қимылы кейінгі ұрпаққа мәңгі сабақ болып қал­ғанында еш шүбә жоқ!
Құрыштан құйылғандай қазақ армия­сының салтанатты сапта жүрген нық қадамын көрген сайын жаужүрек аға ұрпақ өкілдерінің бейнесі елестейді. Бүгінгі көз қуанышымыз – жауынгер, дауылпаз ағаларымыздың кешегі күнгі асыл арманы еді ғой!..

Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»